Армениялық әуе компаниясы Қазақстанға жаңа рейс ашты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Көлік министрліг іұшу бағыттарының географиясын кеңейту және халықаралық рейстер санын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. 12 маусымынан бастап Қазақстанның әуе тасымалы нарығына Арменияның жаңа шетелдік әуе тасымалдаушысы — «FlyOne Armenia» әуе компаниясы қосылды. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлім етті.

Фото: Pexels

— Әуе компаниясы Ереван — Алматы бағыты бойынша аптасына 2 рет (дүйсенбі және жұма күндері) тікелей тұрақты жолаушылар рейстерін орындай бастайды. Нәтижесінде Қазақстан мен Армения арасындағы рейстердің жалпы саны аптасына 3 рейстен 5 рейске дейін артады, — делінген хабарламада.

Қазақстан мен Армения арасындағы жаңа әуе қатынасының ашылуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді.

Ал 13 маусым күні Ахмет Байтұрсынұлы атындағы халықаралық әуежайы Өзбекстанның Centrum Air әуе компаниясының Қостанай-Ташкент-Қостанай бағыты бойынша алғашқы тұрақты рейсін қарсы алады.