Алматылық дәрігерлер аяғы сынып, дұрыс бітпеген науқасқа ота жасады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Орталық қалалық клиникалық ауруханаға аяғы сынып, шор болып қалған 52 жастағы ер адам түсті.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Аурухананың баспасөз қызметінің мәліметінше, науқас аяғын 1994 жылы сындырып алған, дұрыс бітпеген сынық салдарынан пациенттің сүйектері сырқырап, бұлшық еті ауырған.

30 жылға созылған азапқа шыдамаған ер адам Орталық қалалық клиникалық ауруханасының травматология бөліміне медициналық көмекке жүгінді. 

Фото: Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы

Травматолог Нұржан Нұралының айтуынша, жан-жақты тексерілгеннен кейін пациенттің аяғына операция жасау туралы шешім қабылданды. 1,5 сағатқа созылған операция сәтті өтті.

«30 жыл бұрын сынған аяққа операция жасадық. Хирургиялық араласу кезінде сүйек ашылып, сына тәрізді остеотомия және интермодулярлық бұғаттайтын білігі бар остеосинтез жасалды. Ота сәтті өтті», - дейді травматолог Нұржан Нұралы

Қазір пациенттің жағдайы жақсы. Алдағы айларда ол қалыпты өмірге қайта оралмақ.

Фото: Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы

«Қазір жақсы, бәрі орнына келді. Құдай қаласа, мен 1-2 айдан кейін жүгіріп кетемін деп ойлаймын», - дейді науқас. 

Осыған дейін аталған орталық аурухана дәрігерлері жүрегінде ақауы бар науқасқа ота жасап, инфарктың алдын алған еді