5 жасар баланың шынашағы темір қақпаға қысылып қалып, жұлынып кеткен. Ол дереу ауруханаға жеткізілді.
Ауруханаға түскен сәтте науқасты кезекші мамандар тобы, травматология бөлімшесінің меңгерушісі және микрохирург қарап шықты. Жұлынып кеткен саусақтың қан ағымын қалпына келтіру үшін дереу ота жасалды.
Аурухананың травматология бөлімшесінің меңгерушісі Ерлан Садырбалин бұл хирургиялық шеберлікті талап еткенін атап өтті.
– Бүкіл командадан ерекше дәлдікті талап ететін күрделі жағдай болды, өйткені диаметрі бірнеше миллиметрден аспайтын қан тамырлары мен жүйкелерді қалпына келтіру қажет еді. Жұлынып кеткен саусақ өңделіп, арнайы сақтау ортасына орналастырылды. Ота алдында қанның реологиялық қасиеттерін жақсарту шаралары жүргізілді, — деп түсіндірді Ерлан Садырбалин.
Ота төрт сағатқа созылды. Хирургтар арнайы медициналық микроскоптың көмегімен ғана көрінетін өте жіңішке тігістерді пайдаланған.
Осылайша диаметрі небәрі 1 мм болатын артерия, сондай-ақ сіңірлер, жүйке мен вена сәтті қалпына келтірілді. Отадан кейін бала ауруханада мамандардың бақылауында болды.
Дәрігерлер қайта жалғанған бөліктің жазылу процесін және қызметінің қалпына келуін мұқият қадағалап отырды.
Еске салсақ, Алматыда дәрігерлер бесінші қабаттан құлаған 4 жасар баланы аман алып қалған еді.