Аурухананың полижарақат бөлімшесінің меңгерушісі Рамазан Әскеровтің айтуынша, протез ұршық ойығына кіріп кеткен. Салдарынан жамбас қуысы қатты зақымданған. Науқас бірден жансақтау бөліміне жатқызылды.
Жағдайы тұрақтанғаннан кейін бөлімшеге ауыстырылып, клиника басшыларының қатысуымен консилиум өткізілді.
«Мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі. Біз екі кезеңнен тұратын ота жасау туралы шешім қабылдадық. Біріншісінде іш қуысы арқылы сынған протез бөлшектерін алып шықтық. Жағдайы жақсарғаннан кейін ревизиялық эндопротез орнаттық. Бұл ортопедиялық операция ішіндегі ең ауыр оталардың бірі. Яғни, бір рет ота жасалған жерді тағы қозғап, операция жасадық. Травматолог-ортопедтер мен анестизиологтар командасының біліктілігінің арқасында күрделі ота сәтті өтті», - дейді Рамазан Әскеров.
Пациент отадан кейін екінші күні төсекте отыратын болды. Үшінші күннен бастап арнайы құрылғының көмегімен жүре бастаған.
«Бұл жоғары технологиялы операция. Қазақстанда эндопротездеу операциясын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы тегін жасатуға болады», – деп атап өтті дәрігер.