Қала оқушылары арасында экологиялық ағартушылықты күшейту мақсатында электронды экологиялық ашықхаттар жасауға арналған «Экологиялық калейдоскоп» жалпы қалалық онлайн-челленджі өткізілуде. Бастамаға Алматы қаласындағы білім беру ұйымдарының 1-11 сынып оқушылары қатысуда.
Челлендждің негізгі мақсаты – білім алушылардың экологиялық жауапкершілігін қалыптастыру, экологиялық сауаттылық деңгейін арттыру, цифрлық және шығармашылық құзыреттерін дамыту, сондай-ақ табиғатты қорғау идеяларын кеңінен насихаттау.
Челлендж аясында оқушылардың қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды сақтау мәселелеріне назарын аудару, олардың креативті және цифрлық дағдыларын дамыту, экологиялық жауапты мінез-құлықты ілгерілету міндеттері жүзеге асырылмақ.
Қатысушылар графика, коллаж және анимация форматтарында электронды экологиялық ашықхаттар дайындайды. Жұмыстарда қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды сақтау, қалдықтарды бөлек жинау, су мен энергияны үнемдеу, сондай-ақ «Таза қала – қауіпсіз болашақ» тұжырымдамасы сияқты тақырыптық бағыттар қамтылады.
Челлендж бірнеше кезеңнен тұрады. Ақпараттық кезеңде білім беру ұйымдарында қатысу шарттары түсіндіріледі. Шығармашылық кезеңде оқушылар электронды экологиялық ашықхаттар әзірлейді. Челлендж-эстафета кезеңінде дайын жұмыстар әлеуметтік желілерде #ЭкологиялықКалейдоскоп, #ЭкоАлматы, #ТазаҚазақстан хэштегтерімен жарияланады. Қорытынды кезеңде ең белсенді қатысушылар мен үздік жұмыстардың авторлары марапатталады.
Аталған челленджді өткізу оқушылардың экологиялық санасын арттыруға, шығармашылық әлеуетін дамытуға және қоршаған ортаға жауапты қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, Алматыда экологиялық шектеулері бар аймақ белгіленді.