Алматылық онкологтар жарты жылда 1 500 науқаса ота жасады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Осы жылдың басынан бері Алматының онкологиялық орталығында 11 740 пациент емделді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1 547 адамға көп. Аталған көрсеткішке химиотерапия мен сәулелік терапия кіреді.
«Онкологиялық орталықта 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 1 500 хирургиялық араласу жүргізілді, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 99 отаға артық. Жоғары технологиялық операциялардың арқасында өлім-жітім көрсеткіші 1,5%-дан 0,6%-ға дейін төмендеді», - деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасынан.
Жыл басынан бері 11 740 пациент емделді. Оның ішінде 9 790 науқас химиотерапия алды.
«Бұдан бөлек, радиология бөлімі 624 онкологиялық науқасқа 10 608 сәулелік терапия сеансын жасады. Қатерлі ісікке күдікті және онкологиялық науқастарға 340 627 диагностикалық тексеру жүргізілді», - деп атап өтті ведомстводан.
Айта кетейік, орталықтың бес дәрігері шетелдің жетекші клиникасында тағылымдамадан өтті. Бұл оларға озық технологияларды енгізуге және емдеу сапасын арттыруға мүмкіндік береді.