Алматылық полицейлер үйде қару ұстайтын тұрғындарды тексеріп жатыр

5 қазаннан бастап мегаполисте «Қару» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: Polisia.kz

Алматы қалалық Полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау бөлімінің бастығы Айдос Құсайыновтың айтуынша, шара қару қолданып жасалатын қылмыстардың алдын алуға бағытталған. Бұдан басқа, заңсыз айналымдағы қару мен оқ-дәрілерді анықтау және тәркілеу жұмыстары да жүргізілуде.

«Іс-шараның бірінші күнінде 800-ден астам жеке азаматтық және 10 қызметтік қару иесі тексеріліп, нәтижесінде азаматтық және қызметтік қаруды сақтау шарттарын, тіркеу және қайта тіркеу ережелері бойынша 50-ге жуық заңбұзушылық анықталды. Өрескел заңбұзушылықтар үшін тіркелген 28 қару тәркіленді. Сондай-ақ, полицияның жедел қызметтерімен бірлесе отырып, 2 тіркелмеген қару мен 16 түрлі калибрлі патрондар табылды және тәркіленді»,- деді Алматы қаласы ПД ӘПБ азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау бөлімінің бастығы Айдос Құсайынов.

Сонымен қатар полиция өкілі, тұрғындарды азаматтық және қызметтік қару айналымы саласындағы барлық заң талаптарын сақтау керектігін ескертті. Сондай-ақ рұқсат құжаттарының қолданылу мерзімін да назарда ұстаған жөн.