Алматылық жас сарапшылар АЭС салу болашағын талқылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының Әуезов ауданындағы комьюнити орталығында елімізде АЭС салу туралы және референдум қорытындысын талқылады. Жиынға қала белсенділері, студенттер және энергетика саласының мамандары қатысып, болашақта энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуде АЭС-тің рөлі туралы пікір алмасты.

Фото: Әуезов ауданындағы комьюнити орталығы

Кездесуде жас сарапшылар АЭС салудың еліміз үшін маңызды қадам екенін атап өтіп, жобаны қолдайтындарын білдірді. Олардың айтуынша, атом энергиясы Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, тұрақты даму жолында маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар жастар АЭС-тің тек энергия көзі ғана емес, елдің экономикалық дамуы мен жастарды жұмыспен қамтитын жоба екенін айтты.

«АЭС құрылысы көптеген жаңа жұмыс орнын ашып, жоғары технологиялық салаларды, соның ішінде ғылым мен инженерияны дамытуға мүмкіндік береді. Бұл жас буынға үлкен мүмкіндіктер сыйлайды. Болашақта олардың кәсіби өсуіне және жаңа дағдыларды игеруіне жол ашады», - деді жа белсенді Маханбет Бауыржан. 

Фото: Әуезов ауданындағы комьюнити орталығы

Кездесу соңында қатысушылар АЭС салу Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігіне, экономикалық тұрақтылығына және экологиялық қауіпсіздігіне апаратын маңызды қадам деген ортақ пікірге келді.

Фото: Әуезов ауданындағы комьюнити орталығы

Әуезов ауданындағы комьюнити орталығында өткен жиын АЭС салудың болашағын талқылаумен қатар, еліміздің тұрақты дамуына атсалысатын жаңа буын мамандарының қалыптасуына ықпал ететін маңызды оқиға болды.