Алматылық жүргізушінің көлігімен Есентай өзенінде жүрген видеосы тарады

Фото: видеодан алынған скрин

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жүргізуші бірнеше заңды бұзып, көлігін Есентай өзеніне айдап кірді.

Куәгерлер түсірген видеода жүргізушінің көлігімен Есентай өзенін кешіп, төбесіне заңсыз орнатылған шамды қосып жүргенін байқауға болады.

Алматы полиция департаменті әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты түсінік берді.

Ресми мәліметке сәйкес, ол бірден бірнеше заңды бұзған: көлігінде мемлекеттік нөмір болмаған, рұқсат етілмеген шамды қолданған және су арнасына көлігімен кірген.

– Қауіпсіздікке қатер төндіретін құқықбұзушылықтарға жол берілмейді және олар дереу тоқтатылады. Жүргізуші барлық анықталған эпизод бойынша жауап береді. Алматы полициясы мұндай деректерге жүйелі түрде әрекет етеді және тұрғындарды заң мен жол жүру ережелеріне құрметпен қарауға шақырады, - деді қалалық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев. 

Қазір аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. 

Еске салайық, бұған дейін Алматы тұрғыны жасаған құқық бұзушылық үшін оралдық жүргізушіге айыппұл салынғанын жазған едік.