Жоба авторы Денис Лекомцев «FABRIQA» мақсаты — Алматыда тоқыма материалдарын жинау, сұрыптау және қайта өңдеу екенін атап өтті. Өндіріс 2025 жылдың ақпан айында грантсыз, жеке инвестицияның есебінен іске қосылған. Қалада киім жинауға арналған жеке контейнерлер желісі, қойма, сұрыптау мен өндіріс орындары жұмыс істейді.
Оның сөзінше, бір жарым жылдағы тәжірибе Алматы тұрғындарының қажетсіз киімді қайта өңдеуге тапсыруға дайын екенін көрсеткен.
— Кейбір контейнерлер босағаннан кейін үш-жеті сағатта қайта толып қалатын. Біз киімдерді алып үлгермей жаттық. Бір жарым жыл ішінде тұрғындар киім әкелуді тоқтатқан жоқ. Керісінше, бокстар туралы көбірек білген сайын, олар соғұрлым тез тола бастады. Менің ойымша, бұл Алматыдағы қалдық мәселесіне қатысты ең жақсы жаңалықтың бірі: қалада саналы тұтыну мәдениеті қалыптасқан, оларға тек қалдықты қайда апарып тапсыру керектігін көрсетіп, жол нұсқау керек, — деді Денис Лекомцев.
Оның айтуынша, қоқыс сұрыптау кешендерінде әдетте қағаз, шыны, металл мен пластикті бөлініп алады да, тоқыма бұйымдары сұрыпталмайды. Сондықтан ең тиімді тәсіл — киімді тұрғын үйлердің маңында бірден бөлек жинау қажет.
— Негізгі міндет — затты қайта өңдеу емес, оны қайта пайдалану мен мүмкіндігінше ұзақ қолдану. Қайта өңдеу — басқа жолы қалмағанда істейтін ең соңғы амал. Сондықтан секонд-хенд дүкендерді, айырбастау мен жөндеуді дамыту қазіргі уақытта аса маңызды, — деді жоба авторы.
Еске салайық, қайта өңдеуге 131 мың тоннадан астам қалдық жіберілді.