Алматылықтар достық пен бейбітшілік мерекесін тойлап жатыр

Фото: Фото: Алматы қаласының әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Оңтүстік астаналықтар Қазақстан халқының бірлігі күнін тойлап жатыр. Республика сарайының алдында көптеген ұлт пен ұлыстың салт-дәстүріне сай қолөнер туындылары мен ұлттық тамағы, киімдері қойылған бірлестік үйлері тігілді.

Алматыда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде тойланып жатыр. 

Фото: Алматы қаласының әкімдігі

— Бірлік күні — біздің басты күшіміз — мәдени әртүрлілік екенін еске салатын күн. Алматы — ұлтаралық келісім мен достықтың қаласы. Ассамблеяның мерейтойлық жылында әрбір тұрғын өзін үлкен, ұйымшыл қоғамның бір мүшесі ретінде сезінуі үшін жұмысымызды жалғастырамыз. Бұл қоғамда мәдениет, дәстүр мен өзара құрмет ең жоғары құндылық саналады, — деді Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Всеволод Лукашев.

Абай алаңына халық көп жиналды. Көңілдері көтерінкі, бір-бірін құттықтап жатыр. Әрбір ұлт өзінің мәдениетінен сыр шертетін көрме ұсынды. Әнін шырқап, биін биледі. Мерекеге қала әкімі Ерболат Досаев қатысты. 

Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Меркелік шара концерттік бағдарламамен ұласты. Сахнада қазақстандық эстрада жұлдыздары — L Duo дуэті, пианист Ratovich, «Дервиши» және Madein KZ топтары өнер көрсетті. Концерттің хедлайнерлері ҚР Халық әртісі Роза Рымбаева мен Башқұртстаннан келген Ay Yola тобы болды.

Бұдан бөлек, мектеп оқушыларынан бастап зейнеткерлерге дейін 300 — ге жуық адам қатысқан Тұңғыш Президент саябағындағы «Бірлік жүгірісі» бірліктің символы болды.
Мерекелік шараға жиналғандар қазақ қашаннан да бауырмал халық екенін тілге тиек етті.

Фото: Алматы қаласының әкімдігі

— Бұл күн — біз үшін жай ғана мереке емес, ортақ тарих пен тағдырдың символы. Біз әрбір ұлт дәстүрін сақтап, ел дамуына үлес қоса алатын мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды мақтан тұтамыз. Мұндай іс-шаралар өзара түсіністік пен мәдени алуандықтың еліміздің болашағы үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді, — деді Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығының төрағасы Абдулхалил Долкунтай.

Кешке Абай алаңындағы концертте Айқын Төлепберген, Бүркіт, «Марсель» тобы және басқа да әртістер өнер көрсететін болады.

Айта кетейік, Қазақстан Халықтарының Бірлігі күнініне арналған іс-шаралар қаланың барлық ауданында тойланып жатыр.