2026 жылғы 25 тамыздан бастап Алматыда электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады. Жолдың жүріс бөлігімен тек 18 жасқа толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі және қорғаныш дулығасы бар азаматтарға ғана жүруге рұқсат етіледі.
Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек жаңа талаптардың орындалуын бақылау кикшеринг компанияларымен бірлесіп жүзеге асырылатынын айтты.
— Қорытынды кездесуде кикшеринг компанияларының өкілдері самокат тыйым салынған аймаққа кірген кезде жүйе алдымен оның жылдамдығын төмендетіп, кейін толық тоқтататынын хабарлады. Сондықтан бақылау кешенді түрде жүргізіледі: патрульдік экипаждар, жаяу және самокаттағы патрульдер, сондай-ақ самокаттардың тыйым салынған жерлерде жүруіне мүмкіндік бермейтін автоматты шектеулер арқылы жүзеге асады, — деді Салтанат Әзірбек Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның айтуынша, бір электрсамокатқа екі адамның мінуі сияқты құқықбұзушылықтар әзірге патрульдеу кезінде анықталады, өйткені қазіргі жүйелер жолаушылар санын анықтай алмайды.
— Мұндай жағдайда әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылады. Қала тұрғындарының белсенді азаматтық ұстанымына алғысымызды білдіреміз. Бұл олардың қала қауіпсіздігіне бейжай қарамайтынын көрсетеді, — деді ол.
Полиция мәліметінше, 1 сәуірден бері Алматыда дулығасыз жүрген 200-ден астам электрсамокат жүргізушісі анықталған.
Сондай-ақ полиция жолдың жүріс бөлігінде және тротуарларда ретсіз қалдырылған самокаттарды жинап, арнайы айып тұрағына қояды. Қазіргі таңда мұнда 4 мыңға жуық самокат сақтаулы. Құқықбұзушылық жойылғаннан кейін кикшеринг компаниялары оларды алып кете алады. Айып тұрағында тұрған уақыты үшін ақы алынбайды.
Салтанат Әзірбектің айтуынша, құқықбұзушылықтар туралы 102 нөміріне, фото немесе бейнематериал жіберуге мүмкіндік беретін Жедел басқару орталығының омниканалды сервистері арқылы, сондай-ақ eOtinish сервисі арқылы хабарлауға болады.
Бұдан бөлек, жақын уақытта Алматы полициясы бірыңғай WhatsApp нөмірін іске қоспақ.
— Бұл тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желі болады. Азаматтар оған Жол қозғалысы ережесін бұзу фактілері ғана емес, басқа да оқиғалар, соның ішінде күмәнді көршілер туралы да хабарлай алады, — деді полиция департаментінің ресми өкілі.
Сонымен қатар ол қолданыстағы заңнамада құқықбұзушылық туралы хабарлаған азаматтарды ынталандыру немесе марапаттау қарастырылмағанын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін ІІМ электрсамокат пен мопедті кез келген жерге қалдыруға болмайтынын ескерткен еді.