Алматылықтар су тасқынынан зардап шеккендерге 30 тонна гуманитарлық көмек жөнелтті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жинау жалғасып жатыр. Осы күнге 30 тонна жөнелтілді.

Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Алматы қаласы Алмалы комьюнити орталығына келген қала әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова барша еріктіге қиын-қыстау кезеңде көмек қолын созғаны үшін алғыс білдірді. 
Айтуынша, зардап шеккен отбасылар мен аймақтарға қолдау көрсету маңызды.

Фото: Алматы қаласы әкімдігі

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай – «Біздің күшіміз – бірлікте». Еліміз осы күндері ауыр сынақты бастан өткеріп жатыр. Дәл осы сәтте бірлігіміз бен елдігімізді көрсететін уақыт келді. Елдегі болып жатқан бұл табиғаттың тосын мінезіне қатысты мемлекет тарапынан, Президентіміз тарапынан барлық тиісті шаралар қабылданып жатыр. Осы ретте су басқан аймақтарға гуманитарлық көмек жинап, үйлестіріп жатқан әрбір жанға алғыс білдіремін», - деді Әсем Нүсіпова.

Еріктілер өз кезегінде гуманитарлық көмекті тиімді ұйымдастыруға бағытталған бастамасы мен идеясымен бөлісті. Сонымен қатар, гуманитарлық көмекті жинау және тарату бойынша қаламызда тағы қабылдау пунктін ашу бойынша жоспарлар талқыланды.

Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Алматыдан су тасқынынан зардап шеккен Атырау облысының тұрғындарына 30 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтілді. Оның ішінде 12 тонна азық-түлік, 10 тоннаға жуық киім-кешек, 7,2 тонна гигиеналық құралдар, 2 тоннадан астам тұрмыстық заттар, 200 келіден астам дәрі-дәрмек бар.

Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Айта кету керек, гуманитарлық көмек жиналып жатқан бұл жастар комьюнити орталығы Алматының әр ауданында ашылған 8 комьюнити орталықтың бірі. 
Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында әр ауданда екіден, яғни барлығы 16 орталық ашылады.

Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Әрбір комьюнити орталық креативті қоғамдық кеңістіктен тұрады. Мұнда жастарды қолдауға қажеттінің бәрі бар: бұл әртүрлі мемлекеттік бағдарлама бойынша кеңес беру, психологиялық және заңгерлік көмек, NEET жастарын қысқа мерзімді курстар арқылы сұранысқа ие мамандықтарға оқыту және жұмысқа орналастыру.

Гуманитарлық көмек мына мекенжай бойынша қабылданады:

Байтұрсынова көшесі, 22к1

Қабылдау уақыты: 10:00-ден 19:00-ге дейін

Кез келген адам Алмалы ауданындағы комьюнити орталыққа хабарласып, қажетті заттарды тапсыра алады.

Байланыс нөмірлері: 7 747 821 64 78; 7 747 540 01 40