Алматылықтар үй жанында көлігін тегін қоюға қалай өтініш бере алады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда көпқабатты үйлердің тұрғындары коммуналдық ақылы автотұрақтарды тегін пайдалана алады.

Фото: Алматы әкімдігі

Тиісті нормалар Алматы қаласы мәслихатының 2026 жылы 30 шілдедегі №324 шешімімен бекітілген Жол қозғалысын ұйымдастырудың жаңа қағидаларында белгіленді.

Алматы қаласы Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының мәліметінше, тұрғын үй кешенінің адамдары мен өзге үй-жайлардың меншік иелері ғимараттан 500 метрге дейінгі радиуста өздері таңдаған бір коммуналдық ақылы автотұрақты тегін пайдалану құқығын рәсімдей алады.

Тегін пайдалану құқығы әрбір үй-жайға бір көлік құралына беріледі. Бұл ретте нақты автотұрақ орны пайдаланушыға бекітілмейді. Яғни, таңдалған автотұрақта бос орын болған жағдайда ғана көлікті қоюға болады.

Сонымен қатар тегін пайдалану құқығы жерасты паркингтеріне, қоғамдық көлікке ауысып мінуге арналған автотұрақтарға, жабық үлгідегі жерүсті автотұрақтарға және механикаландырылған автотұрақтарға жүрмейді.

Автотұрақты тегін пайдалану құқығын қалай алуға болады

Ол үшін арнайы өтініш беру қажет. Құқық қағидаларда көзделген талаптар орындалған жағдайда беріледі. Соның ішінде өтініш берушінің атына белгіленген тәртіппен тіркелген көлік құралы болуы керек.

Негізгі талаптар:
• үй-жай орналасқан жерден 500 метрге дейінгі радиуста бір автотұрақты таңдауға болады;
• бір үй-жайға бір көлік құралы қарастырылады;
• нақты автотұрақ орны пайдаланушыға бекітілмейді.

Өтінішті 2026 жылы 17 тамыздан бастап «Алматы паркинг» КМК-ның интернет-ресурсы (almaty-parking.kz) арқылы немесе азаматтардың барлық өтінішін қабылдау және өңдеудің бірыңғай платформасы eOtinish арқылы беруге болады.

- Тегін пайдалану құқығы меншік иесімен бірге тұратын жақын туысына да меншік иесінің жазбаша келісімі негізінде берілуі мүмкін. Үй-жайды жалға алушыларға тегін пайдалану құқығы заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуден өткен жалдау шарты негізінде, осы шарттың қолданылу мерзіміне беріледі. Егер үй-жай немесе көлік құралы ортақ үлестік меншікте болса, тегін пайдалану құқығын алу үшін басқа меншік иелерінің жазбаша келісімі қажет, - деп мәлімдеді басқармадан.

Автотұрақ кімге тегін болады

Жаңа қағидаларға сәйкес, тиісті растайтын құжаттары бар азаматтардың жекелеген санаттары коммуналдық ақылы автотұрақтарды пайдаланғаны үшін төлемнен босатылады. Олардың қатарында:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері, басқа мемлекеттер аумағындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер, жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, еңбек ардагерлері;
- Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар баланың заңды өкілдері;
- «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналар, «Ана даңқы» I немесе II дәрежелі ордендерімен наградталған азаматтар;
- Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтар;
- Электромобиль иелері.

Еске салайық, биыл Алматыда ақылы автотұрақ орындары көбейеді.