Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, Индербор кентіндегі пәтер өртіне қатысты қылмыстық іс қозғалған.
«Индер аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері пәтер өртіне байланысты жедел іздестіру іс-шарасын жүргізді. Соның нәтижесінде пәтер өртіне қатысы бар күдікті ұсталды. Қазір 31 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу басталды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысындағы Индербор кентінде өрттен екі бала мерт болғанын жазған едік.
Кейін өртте күйіп қалған екі адамның жағдайы ауыр екенін хабарлаған болатынбыз.