2026 жылдың басынан бері Алматы қаласының халыққа қызмет көрсету орталықтары 700 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы бойынша филиалы хабарлады.
Оның ішінде:
— көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу, есепке қою және есептен шығару бойынша — 217 063 қызмет;
— паспорттар мен жеке куәліктерді беру бойынша — 120 524 қызмет;
— жүргізуші куәліктерін беру бойынша — 42 911 қызмет көрсетілген.
Сондай-ақ мемлекеттік корпорацияның Алматы филиалы Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, қала тұрғындары үшін Ашық есік күні өткізілгенін атап өтті.
— Іс-шара аясында азаматтар мамандарға тікелей жүгініп, мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Жалпы 700-ге жуық алматылыққа консультациялық көмек көрсетілді. Ең сұранысқа мемлекеттік қызметтер қатарында: жылжымайтын мүлікті тіркеу, азаматтық хал актілерін рәсімдеу, әлеуметтік қамсыздандыру, жер кадастры және құжаттарды рәсімдеу бар, — деп хабарлады Алматы филиалы.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 15 мыңға жуық азамат жеке менеджерге жүгінгенін жазғанбыз.