Алматылықтарға Райымбек даңғылындағы шектеулерге байланысты ескерту жасалды
22:06, 05 Мамыр 2025
АЛМАТЫ. KAZINFORM — 5 мамырдан 12 мамырға дейін Райымбек даңғылында көркейту жұмыстары жүргізіледі.
BRT желісінің құрылысы аясында түрлі учаскеде қажетті кеңістік босатылып, ескі жабын алынады және тас төсеуге негіз дайындалады.
— Бұл жұмыстар жаяу жүргіншілер аймақтарын, велосипед жолдарын және қаланы көгалдандыруды ыңғайлы ету мақсатында жүргізіліп жатыр. Жолда аздаған шектеулер болуы мүмкін, сондықтан бағыттарыңызды алдын ала жоспарлаңыздар, — деп хабарлады Алматы әкімдігі.
Еске салайық, сәуір айының соңында Райымбек даңғылында BRT құрылысы басталды.
Одан кейін Желтоқсан көшесі бойымен BRT желісінің құрылысы жүргізіле бастады.