Құжатқа сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары үйінен 500 метр радиуста орналасқан бір коммуналдық автотұрақта бір автокөлікті тегін қоя алады. Бұл ретте нақты автотұрақ орны жеке бекітілмейді.
Сонымен қатар құжатта автотұрақтарды жабдықтау, олардың жұмыс тәртібі мен төлем жасау тәсілдеріне қойылатын бірыңғай талаптар белгіленген. Қағидалардың сақталуы мобильді және стационарлық фото және бейнетіркеу кешендері арқылы бақыланады.
— Жүргізушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында қолданыстағы жеңілдік мерзімдері де сақталады. Жолаушыларды отырғызу немесе түсіру үшін тротуар бойындағы автотұрақтарда алғашқы 5 минут, ал алаңдық автотұрақтардан шығуға 10 минут тегін уақыт беріледі, — деді Ержан Диханбаев.
Сондай-ақ ол соғыс ардагерлері, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы аналар, электр көліктерінің иелері және жедел қызметтердің көлік құралдары автотұрақ ақысын төлеуден толық босатылатынын атап өтті.
Еске салайық, биыл маусым айында Ашық НҚА порталында «Жол жүрісі қағидаларымен реттелмеген бөлігінде Алматы қаласында жол қозғалысын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» жоба ұсынылды. Бұл жоба бүгін мәслихатта талқыланды.