Алматыны қар басты: Көшені тазалауға мыңнан астам жұмысшы шықты

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыға бір түнде 19 см қар түсті. Мыңнан астам жол жұмысшысы мен 425 техника қар тазалауға жұмылдырылды.

Фото: Алматы әкімдігі

Қаланың коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, түнде 421 бірлік арнайы техника жұмыс істеді, таңертең 425 техника жұмылдырылды, көшені қардан тазалауға 1143 жол жұмысшысы шықты.

«Сағат түнгі 02:30-дан бастап жол полициясының патрульдік машиналарының еріп жүруімен 13 колонна қар күреумен айналысты.Таңғы сағат 05:00-ден бастап 168 бірлік шағын көлемді жинау техникасының күшімен тротуарлар қардан тазартылуда, бұл жұмыс қазіргі уақытқа дейін жалғасуда. Аялдамаларды, жер үсті өткелдерінің тұрақ «қалталарын», әлеуметтік маңызы бар объектілерге өтетін жолдарды тазарту жұмыстары күшейтілді. Сондай-ақ жиналған қарды сыртқы полигондарға шығару басталады», - деп хабарлады коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы.

Сонымен қатар Полиция департаменті көлік жүргізушілерін жол жүру ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

«Алматыда жағдайы тұрақты. Өткен тәулікте 8 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, бүгін таңғы уақытта 3 жол апаты болды. Алматы полициясы жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады» деп хабарлады ведомстводан.