Алматыны тұрақты даму жолына шығаруға тырыстым - Ерболат Досаев алматылықтармен қоштасты

Фото: Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бүгін Алматы мәслихатының жиналысында Ерболат Досаев өз жұмысын қорытындылап, Алматы тұрғындарына үндеу жасады.

- Ең алдымен, туған қалама еліміздің ең қиын кезеңдерінің бірінде қызмет етуге сенім мен мүмкіндік бергені үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Бұл мен үшін ерекше мәртебе және үлкен жауапкершілік болды. Алғашқы жұмыс күннен бастап осы жоғары сенімді ақтау үшін барлық білімім мен тәжірибемді салып, Алматыны тұрақты даму жолына шығаруға тырыстым. Өткен үш жылдан астам уақыт мен үшін күрделі сынақтар мен маңызды жетістіктерге толы кезең болды. Қаланың дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты өзгерістер уақытына айналды, - деді экс-әкім.

Ерболат Досаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматының болашақ дамуын айқындайтын 20-дан астам стратегиялық құжат қабылданғанын атап өтті. Олардың қатарында Алматы қаласының 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасы, Алматының 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспары, қаланың көлік қаңқасының мастер-жоспары және басқа да маңызды құжаттар бар.

- Кейінгі 3 жылда қаланың бүкіл инженерлік инфрақұрылымын ауқымды модернизациялау басталды. 540 км су құбыры және кәріз жүйелері жаңартылды, 75 км жаңа жол салынып, 650 км жол жөнделді. Өткен үш жылда Алматы экономикасы 20%-дан астам өсіп, 29 трлн теңгеден асты. Ал Алматы бюджетінің кірісі 2022 жылмен салыстырғанда 2,2 есе өсіп, 2,5 трлн теңгеге жетті. Біздің басты міндетіміз – алматылықтардың өмір сапасын жақсарту болды, - деді ол.

Сондай-ақ Ерболат Досаев өзі қаланы басқарған үш жыл ішінде қалада 57 оқу орны және 12 денсаулық сақтау нысаны салынғанын не жаңартылғанын айтты.

- Бүгін осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қиын-қыстау сәттерде белсенді атсалысып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін баршаңызға шын жүректен алғыс білдіремін. Мен өмір сүру сапасы жоғары және жайлы қалалық ортасы бар, ең заманауи әрі дамыған мегаполис ретінде Алматының болашағына шын жүректен сенемін, - деп қорытындылады экс-әкім.

Еске салайық, бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерболат Досаев Алматы қаласының әкімі қызметінен кетті.

Ол 2022 жылы 31 қаңтар күні Алматы қаласының әкімі қызметіне Бақытжан Сағынтаевтың орнына тағайындалған болатын.

Алматы қаласының жаңа әкімі болып Дархан Сатыбалды тағайындалды.