Алматы әкімдігінің мәліметінше, Абай даңғылының бір бөлігінде орташа жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізіледі. 24 тамыз сағат 21:00–ден 1 қыркүйекке дейін Саин көшесінен Момышұлы көшесіне дейінгі аралықта көлік қозғалысы ішінара шектеледі. Жөндеу жұмыстары жолды толық жаппай, бірнеше жолақта кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Одан бөлек 24 тамыз сағат 21:00–ден 25 тамыз сағат 05:00–ге дейін Абай даңғылынан Төле би көшесіне дейінгі Жароков көшесінің бөлігінде жол ішінара жабылады. Шектеу газ желілерін қайта жаңарту және асфальт жабынын қалпына келтіру жұмыстарына байланысты енгізіледі.
— Жөндеу жүргізіліп жатқан учаскеде ескерту белгілері және мердігер ұйым басшысының байланыс ақпараты көрсетілген тақта орнатылады. Жол жүру бағытыңызды алдын ала жоспарлауды сұраймыз, — деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, бұған дейін Алматы метросының үш желісі бойынша әр жоба қандай сатыда тұрғанын жазғанбыз.