Алматының Әл-Фараби даңғылында газ құбырын жаңарту жұмыстары басталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында газ құбыры жаңғыртылады.

Фото: Видеодан алынған скрин

23 сәуірден бастап орташа қысымды газ құбырын қайта жаңарту бойынша жоспарлы жұмыстар басталды. Бұл туралы «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-ның Алматы өндірістік филиалы хабарлады. Жұмыстар Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жүргізіледі. Жоба аясында көшенің астымен тесу әдісі арқылы өткел жасалып, кейіннен газ құбыры төселеді.

Фото: Алматы әкімдігі

- Барлық жұмыс тротуар бөлігінде жүргізіліп, әл-Фараби даңғылындағы көлік қозғалысына әсер етпейді. Жолды жабу жоспарланбаған. Жұмысты сәуір айының соңына дейін аяқтау көзделіп отыр, - деп хабарлады «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ.

Жобаны жүзеге асыру газбен жабдықтау жүйесінің сенімділігі мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған.

Еске салайық, Әл-Фараби даңғылының бойындағы газ құбырын қайта жаңғырту жұмыс былтыр жасалуы тиіс болған. Алайда оның мерзімі 2026 жылға ауыстырылды.