Алматының Алатау ауданында инженерлік желілерді дамыту жобасы қолға алынды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алатау ауданының 20 мыңнан астам тұрғыны алғаш рет су құбыры мен кәріз жүйесіне қосылады.

Фото: Алматы әкімдігі

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, Алатау ауданына қарасты 11 шағын ауданда инженерлік желілерді дамыту аясында биыл бірқатар жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Қазір олардың біразында құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Алғабас шағын ауданында су құбыры мен кәрізді төсеудің 3 кезеңі басталды. Бұл 584 тұрғын үйде 4 мыңға жуық адамды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол аяқталғаннан кейін Қожабеков пен Ф.Оңғарсынова көшелеріне асфальт төсеу көзделген. 

Фото: Алматы әкімдігі

«Шапағат» шағын ауданында 2,5 мыңға жуық адамды сумен жабдықтау және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында 449 тұрғын үйде жобаның 2-ші кезегіндегі құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Рахат-Мәдениет» шағын ауданында жұмысты аяқтау 2025 жылға жоспарланған. Бұл 2882 тұрғын үйде 14 мыңнан астам адамды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.