Алматының бес ауданында жәрмеңке өтеді

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Жыл басынан бері Алматы тұрғындары мен қонақтары демалыс күнгі жәрмеңкелерде 22 800 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін сатып алды.

Алматы қаласының Алмалы, Бостандық, Медеу, Алатау, Әуезов аудандарында апта сайын жәрмеңке ұйымдастырылып келеді. Оған Алматы облысының жақын аудандарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері, сондай-ақ, Алматы қаласының азық-түлік кәсіпорындары қатысады.

— Жыл басынан бері Алматы тұрғындары мен қонақтары демалыс күнгі жәрмеңкелерде 22 800 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін сатып алды. Оның ішінде 11,5 мың тоннаға жуық көкөніс пен жеміс-жидек, 7,3 мың тоннадан астам ет және ет өнімдері, 2 мың тоннадан астам сүт өнімдері, 1,8 мың тонна бакалея және маринадталған қияр, — деп хабарлады әкімдіктен .

Жәрмеңкелерде барлығы 1000-нан астам тауар түрі ұсынылған.

— Демалыс күнгі жәрмеңкелер отандық өндірушілерді қолдауға, халықтың қолжетімді бағамен сапалы азық-түлік тауарларын алуына, сондай-ақ қаланың сауда инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Өнім тікелей ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен өңдеуші кәсіпорындардан делдалдардың қатысуынсыз келіп түседі, бұл бағаны нарық деңгейінен төмендетеді, — деп атап өтті әкімдіктен.

Еске салайық, жәрмеңке апта сайын, сенбі және жексенбі күндері сағат 08:00–ден 18:00–ге дейін өтеді.

Жәрмеңкелер өтетін орындар:

* Алмалы ауданы: Масаншы көшесі, Гоголь мен Әйтеке би көшесінің аралғында.

* Бостандық ауданы: Қазақфильм ш/а, Исиналиев көшесі.

* Әуезов ауданы: Өтеген батыр көшесі — Абай даңғылының төмен жағы.

* Медеу ауданы: Меңдіқұлов бульвары — Бектұров көшесінің қиылысы.

* Алатау ауданы: «Мәдениет» ТҮК.

Бұған дейін Астана күніне орай 5-6 шілде күндері елордада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтетіні туралы жазғанбыз