Алматы қаласының Алмалы, Бостандық, Медеу, Алатау, Әуезов аудандарында апта сайын жәрмеңке ұйымдастырылып келеді. Оған Алматы облысының жақын аудандарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері, сондай-ақ, Алматы қаласының азық-түлік кәсіпорындары қатысады.
— Жыл басынан бері Алматы тұрғындары мен қонақтары демалыс күнгі жәрмеңкелерде 22 800 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін сатып алды. Оның ішінде 11,5 мың тоннаға жуық көкөніс пен жеміс-жидек, 7,3 мың тоннадан астам ет және ет өнімдері, 2 мың тоннадан астам сүт өнімдері, 1,8 мың тонна бакалея және маринадталған қияр, — деп хабарлады әкімдіктен .
Жәрмеңкелерде барлығы 1000-нан астам тауар түрі ұсынылған.
— Демалыс күнгі жәрмеңкелер отандық өндірушілерді қолдауға, халықтың қолжетімді бағамен сапалы азық-түлік тауарларын алуына, сондай-ақ қаланың сауда инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Өнім тікелей ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен өңдеуші кәсіпорындардан делдалдардың қатысуынсыз келіп түседі, бұл бағаны нарық деңгейінен төмендетеді, — деп атап өтті әкімдіктен.
Еске салайық, жәрмеңке апта сайын, сенбі және жексенбі күндері сағат 08:00–ден 18:00–ге дейін өтеді.
Жәрмеңкелер өтетін орындар:
* Алмалы ауданы: Масаншы көшесі, Гоголь мен Әйтеке би көшесінің аралғында.
* Бостандық ауданы: Қазақфильм ш/а, Исиналиев көшесі.
* Әуезов ауданы: Өтеген батыр көшесі — Абай даңғылының төмен жағы.
* Медеу ауданы: Меңдіқұлов бульвары — Бектұров көшесінің қиылысы.
* Алатау ауданы: «Мәдениет» ТҮК.
Бұған дейін Астана күніне орай 5-6 шілде күндері елордада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтетіні туралы жазғанбыз.