Алматының Бостандық ауданына 2026 жылы ауызсу мәселесі шешіледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Бостандық ауданына қарасты «Ерменсай» шағын ауданында ауызсу тапшылығы мәселесін шешу мақсатында реверсивті су құбырының құрылысы жүріп жатыр.
Қалалық энергетика және сумен жабдықтау басқармасының мәліметінше, жоба жүзеге асқанда Ерменсай мен іргелес тұрғын үй кешендерінің тұрғындары тәулік бойы үздіксіз сумен қамтылады.
Жобаны «SGGroup Сапа Строй» ЖШС Алматы қаласының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасымен бірлесіп, техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың алдын алу және апаттық-қалпына келтіру жұмыстары аясында жүзеге асырып отыр.
Құрылыс жұмыстары екі негізгі бағытқа бөлінген. Бірінші бағыт — Әл-Фараби даңғылынан «Sakura», «Silver Hills» және «Verona» тұрғын үй кешендеріне дейінгі аралықта сорғы станциясы салынып, су құбыры мен электр желілері тартылады, жол төсемесінің негізі дайындалады. Бұл жұмысты 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Екінші бағыт — «Sakura» тұрғын үй кешенінен «Нұрлытау» су дайындау станциясына дейінгі аралықта құрылыс жұмыстары 2025 жылы 25 желтоқсанына дейін жалғасады. Ал жолдың үстіңгі қабатын асфальттау және көріктендіру жұмыстары 2026 жылы наурыз-сәуір айларына жоспарланған.
Сонымен қатар Әл-Фараби даңғылының оңтүстік жағында жаңадан су бұру жүйесін орнату көзделген. Оны қосу жұмыстары осы жылдың төртінші тоқсанында жүргізіледі.
— Қазіргі уақытта инженерлік-геологиялық және топографиялық зерттеу жұмыстары аяқталып, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, сорғы станциялары салынатын орындар нақтыланды. Бүгінге дейін 3,3 шақырымнан астам су құбыры тартылып, тұрғын үйлерді уақытша сумен қамту үшін сорғы станциясы мен құбыр желісі орнатылып жатыр, — деп хабарлады басқармадан.
Еске салайық, бұған дейін Медеуде өзенге лай ағып жатқанын жазғанбыз.