Алматыдағы жаңа емхананың құрылысы аяқталуға жақын

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов Бостандық ауданында тәулігіне 500 адам қабылдауға арналған жаңа емхананың құрылыс барысын тексерді. Аудан тұрғындары үшін медициналық қызметтің қолжетімділігін едәуір арттыруға бағытталған нысан Левитан көшесінде салынып жатыр. 

Аталған нысандағы төрт блок бойынша монолитті темірбетон және шатыр жұмыстары толық аяқталған. Қабаттарда терезе құрылымдары орнатылып, инженерлік желілер тартылған, әрлеу жұмыстарының соңғы кезеңі жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ қасбетті қаптау және аумақты абаттандыру жұмыстары қатар қолға алынды. 

– Жаңа емхананың құрылысы аяқталуға жақын. Бұл қолданыстағы медициналық мекемелердің жүктемесін азайтып, аудан тұрғындарына заманауи талаптарға сай, жаяу жетуге ыңғайлы медициналық қызмет көрсетуге арналған маңызды нысан. Біз істеліп жатқан жұмыстың сапасына ерекше көңіл бөлеміз. Емхана қазіргі стандарттарға толық сай салынуда, пациенттер мен медицина қызметкерлеріне барынша қолайлы жағдай жасау көзделген. Нысанды осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру қажет, - деді Бейбіт Шаханов.

Фото: Алматы әкімдігі

Жобада пациенттердің санын бөле отырып, түрлі бөлімдер мен қызметтерді қамтитын көпфункционалды медициналық мекеме қарастырылған. 

Мысалы, бірінші қабатта сәулелік диагностика бөлімі, хирургиялық және травматологиялық кабинеттер, фтизиатриялық қызмет (ересектер мен балаларға арналған), қабылдау және сүзгі кабинеттері, балаларды амбулаторлық қабылдау, әлеуметтік дәріхана, асхана және күту аймақтары орналасады. 

Фото: Алматы әкімдігі
Фото: Алматы әкімдігі

Екінші қабатта әйелдер консультациясы, жастар денсаулығы орталығы, отбасылық денсаулық орталығы, кеңес беру және диагностикалық бөлім, профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімі орналаспақ. 

Үшінші қабатта эндоскопия бөлімі, амбулаторлық хирургия орталығы, күндізгі стационар, клиникалық-диагностикалық зертхана, әкімшілік блок, медициналық оңалту және физиотерапия бөлімдері қарастырылған. Жертөле қабатта орталық зарарсыздандыру бөлімі орналасады.