АЛМАТЫ. KAZINFORM — Екі жыл бойы Алматының Бостандық ауданының әкімі лауазымында болған Санжар Алин қызметінен кететінін айтты.
Аудан әкімдігінің парақшасында жарияланған қоштасу видеосында ол тұрғындарға сенімі, қолдауы, түсіністігі үшін алғыс айтты.
Санжар Алин Бостандық ауданының әкімі қызметіне 2023 жылғы мамыр айында тағайындалды. Ол мұның алдында Алматының энергия тиімділігі және инфрақұрылымдық даму басқармасын басқарған.
Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімінің орынбасарлары Әлішер Әбдіқадыров, Әсем Нүсіпова, Асқар Амрин қызметінен кеткен еді.
Мейірман Лес
Еуразия ұлттық және Қазақ ұлттық университеттерін бітірген. Еңбек жолын Baribar.kz порталында бастаған. Түрлі басылымда қызмет еткен. 2025 жылдан бастап Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің Алматыдағы меншікті тілшісі болып еңбек етті, қазір қазақ редакциясының шығарушы редакторы қызметін атқарады.