Алматының ботаникалық бағында жасанды тоған жөнделіп жатыр: алтын балықтар көшірілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының бас ботаникалық бағындағы жасанды тоған жоспарлы техникалық тексеруден өткізіліп, профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.

Фото: Алматы ботаникалық бағы

Осыған орай, бақ жасанды тоғанды мекендейтін алтын балықтар мен аққулардың басқа орынға көшірілетінін хабарлады. Мекеме мәліметінше, мамандар тоғанның гидрооқшаулағыш мембраналары мен жабындарының жай-күйін тексеріп, анықталған ақауларды жояды. Жұмыстар жүргізілетін кезеңде балықтар Аққу көлінен бақтың оңтүстік партерлік бөлігінде, Әл-Фараби даңғылы жағында орналасқан тоғанға уақытша көшіріліп, қыстап шығады.

Фото: Алматы ботаникалық саябағы

— Балықтарды көшіру — арнайы білім мен тәжірибені, сондай-ақ ерекше ұқыптылықты талап ететін жауапты жұмыс. Сондықтан бұл іске Алматы облысында тұқы тұқымдас балықтарды өсіру және көбейтумен он жылдан бері айналысып келе жатқан «DWS» ЖК ТОО бейінді ұйымы тартылды, — деп хабарлады ботаникалық бақтан.

Көшіру барысында балықтардың денсаулығы тексеріліп, ауру белгілерінің бар-жоғы анықталмақ. Қажет болған жағдайда профилактикалық өңдеу жұмыстары жүргізіледі.

Фото: Алматы ботаникалық саябағы

— Қыс мезгілінде балықтардың зат алмасу үдерісі баяулап, қозғалысы азаяды. Олар суық кезеңді мұз астында өткізеді. Қыстан аман шығуы үшін судағы оттегінің жеткілікті деңгейін сақтау аса маңызды. Сондықтан қыстайтын тоғанда тұрақты аэрация қамтамасыз етіліп, балықтардың тіршілік ету жағдайы үнемі бақылауда болады, — дейді бақ өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін Алматының Бас ботаникалық бағы қысқы жұмыс кестесіне ауысты.