Алматының бір ауданында екі күн суық су болмайды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда сумен жабдықтау желілерінде жоспарлы профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Осыған байланысты Түрксіб ауданында суық су беру уақытша шектеледі.

Фото: freepik.com

«Алматы Су» кәсіпорнының мәліметінше, 12 маусым сағат 00:00-ден 14 маусым сағат 08:00-ге дейін сумен жабдықтау желілерінде технологиялық жабдықты ауыстыру бойынша жоспарлы профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Осыған байланысты Жетісу ауданында Рысқұлов – Лобачевский – Сейфуллин – Ақпаев көшелерінің контурында суық су беру уақытша шектеледі.

Жұмыс барысында Түрксіб ауданының Рысқұлов даңғылы – Сейфуллин даңғылы – Жұмабаев көшесі – Жансүгіров көшесінің бойында су қысымының төмендеуі күтілуде.

«Бекіткіш арматураны және өзге де технологиялық жабдықты ауыстыру жөніндегі жұмыстарды уақтылы орындау аталған учаскелердің тұтынушыларын сапалы және тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп хабарлады «Алматы Су» МКК.

Әлеуметтік нысандар үшін автоцистерналармен су тасымалдау жүзеге асырылады.