Алматының бірнеше ауданында 9 қазанда суық су уақытша өшіріледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Ертең, 9 қазанда Алматының бірнеше көшесінде суық су беру уақытша тоқтатылады.
«Алматы Су» кәсіпорнының мәліметінше, су екі учаскеде болмайды.
Ақсай сүзгі станциясының құрылысына байланысты 9 қазан күні сағат 22:00-ден 10 қазан таңғы 06:00-ге дейін Наурызбай ауданындағы Таужолы, Тастыбұлақ және Ақжар (шығыс бөлігі) шағын аудандарында суық су беру уақытша тоқтатылады.
Сол күні сағат 09:00-ден 17:00-ге дейін жаңа су құбыры желісін қосу жұмыстарына байланысты суық су Көктем-3 шағын ауданындағы 16А үйде (Пoсейдон мейрамханасы) және Жандосов көшесі 2Б мекенжайында («Метро» ойын-сауық орталығы) болмайды.
– Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және техникалық жұмыстар жүргізудің қажеттілігіне байланысты шектеулерге түсіністікпен қарауды сұраймыз, - делінген «Алматы Су» хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін қазан айынан бастап Алматыдағы суық сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің төлемдері жаңа тарифтер бойынша алынатынын жазғанбыз. Сондай-ақ есептеу әдісі де өзгереді – енді тұтыну көлеміне қарамастан, бірыңғай тариф қолданылады.