Алматының екі ауданында суық су болмайды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алмалы және Бостандық аудандарында 20 мамыр күні су уақытша өшіріледі.
«Алматы су» мекемесінің мәліметінше, BRT желісінің құрылысы болып жатқан аймақтардағы су құбыры желілерінде технологиялық жабдықтар ауыстырылып жатыр. Осыған байланысты 20 мамыр сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін Алмалы және Бостандық аудандарындағы келесі аумақтарда суық су беру уақытша шектеледі:
* Назарбаев даңғылы – Мақатаев көшесі – Райымбек даңғылы – Чайковский көшесі;
* Абай даңғылы – Назарбаев даңғылы – Қабанбай батыр көшесі – Сейфуллин көшесі;
* Абай даңғылы – Сейфуллин көшесі – Құрманғазы көшесі – Байтұрсынов көшесі.
Сондай-ақ «Овация» тұрғын үй кешені, №90 мектеп-лицейі, №147 гимназиясы, №120 мектеп-гимназиясы, №30 және №139 балабақшалар, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Лермонтов атындағы театр, Спорт және туризм академиясы, А.Н.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығы, қалалық ревматология орталығы секілді әлеуметтік және әкімшілік нысандарда да су беру уақытша шектеледі.
- Жұмыстар аяқталғаннан кейін суды беру кезең-кезеңімен қалпына келтіріледі. Бұл процесс жабдықтарды міндетті түрде сынау және іске қосу жұмыстарымен байланысты сәл кідіріп өтуі мүмкін. Жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз, - деп хабарлады «Алматы су» мекемесі.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 260 шақырым су құбыры желісі салынып, қайта жаңғыртылатынын жазғанбыз.