Алматының екінші жылу электр орталығы 2026 жылы газға көшіріледі

Фото: Энергетика министрлігі

Алматы қаласындағы №2 жылу электр орталығы 2026 жылы газға көшіріледі, деп хабарлайды Kazinform Энергетика министрлігіне сілтеме жасап. 

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жұмыс сапарымен Алматы қаласына келді.

Сапар барысында «Алматы электр станциялары» АҚ №2 ЖЭО және «Алматыжылужайэнерго» ЖШС Орбита қазандығының жұмысымен танысты.

№2 жылу электр орталығында министр әкімдік, «Самұрық-Энерго» АҚ өкілдерінің қатысуымен жылыту кезеңі жөніндегі үйлестіру штабының кеңесін өткізді.

ЖЭО өкілдері EPC газға ауыстыратын мердігер анықталғанын, жұмыс басталғанын хабарлады.

Фото: Энергетика министрлігі

Белсенді кезең 2024 жылы басталып, 2026 жылдың соңына дейін аяқталады.

Сондай-ақ, екінші ЖЭО-да №3 қазандық пен №1,2 турбиналарға күрделі жөндеу жұмыстары жасалып біткен.

№ 5 қазандықты күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. 

Жалпы «Алматы электр станциялары» АҚ бойынша жөндеу науқаны қараша айының соңында аяқталады.

Күзгі-қысқы жағдайда жұмысқа дайындық паспорты алынған.