Алматының экс-әкімі Ерболат Досаев несімен есте қалды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 2022 жылы Алматы әкімінің қызметіне кіріскен Ерболат Досаев 3 жыл 4 ай жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде еліміздің ең бірі мегаполисін басқарған ол несімен есте қалды?
Ерболат Асқарбекұлы Досаев 1970 жылы 21 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. 1987 жылы О.Жәутіков атындағы Республикалық физика-математикалық мектеп-интернатын, кейін Алматы энергетикалық институтын, Бауман атындағы Мәскеу Мемлекеттік техникалық университетін бітірді.
Өз мансабында бірқатар жоғары лауазымдарды атқарған. Олардың қатарында Қаржы министрі, Денсаулық сақтау министрі, Ұлттық экономика министрі, ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы және басқа да жауапты қызметтер бар. Толығырақ Kazinform агенттігінің Дерекқор айдарынан оқи аласыздар.
2022 жылы 31 қаңтар күні Ерболат Досаев Алматы қаласының әкімі қызметіне тағайындалды. Ал Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының жарлығымен қызметінен босатылды. Ол Алматы әкімі лауазымына 2019 жылы тағайындалған болатын.
Жаңа әкімнің басты міндеттерінің бірі - Қаңтар оқиғасы кезінде жапа шеккен кәсіпкерлерге көмек беру, бүлінген мемлекеттік, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру және қала қауіпсіздігін күшейту болды. Сондықтан алғашқы күндері Ерболат Досаев бизнес өкілдерімен кездесіп, шығын өтеуді жеделдету мәселелерін талқылады.
Бірнеше күннен кейін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ерболат Досаев Алматы қаласын қалпына келтіру және одан әрі дамыту туралы айтты. Оның жоспарында қала экономикасын өсуінк, бизнесті қолдауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, білім беру мекемелерінде қауіпсіздікті күшейтуге басымдық берілді.
Ал 2022 жылдың соңында Алматы әкімі зардап шеккен 1,6 мыңнан астам кәсіпорынға 16,2 млрд теңге көлемінде өтемақы төленгенін, ал жеке тұлғаларға 613,5 млн теңге сомасында мүліктің залалы өтелгенін атап өтті. 2023 жылы қазан айында Қаңтар оқиғасынан кейін қатты зақым келген қала әкімдігінің ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары аяқталды.
Сынға әкелген қала халқымен кездесулер
Ерболат Досаев алматылықтар есінде қаланың әр ауданында өткен тұрақты кездесулерімен қалатыны сөзсіз. 2022 жылы әкім халықпен 24 рет (әр тоқсан сайын 8 ауданда бір кездесу), 2023 жылы 32 рет кездескен. 2024 жылдан бастап Ерболат Досаев халықпен кездесулерінің форматын өзгертіп, көшпелі кездесулер ұйымдастыра бастады.
Көбіне мектеп не университеттердің қабырғасында өткен кездесулердегі сөйлеу мәнері үшін Ерболат Досаев қатты сынға ұшырады. Кейін ол халықпен кездесулері неге эмоциналды өтетінін түсіндірді.
Жол, кептеліс және петиция
2023 жыл Алматыда ауқымды жол жөндеу жұмыстары басталды. Біраз уақытқа магистралды көшелер - Абай және Әл-Фараби даңғылдары ішінара жабылды, соның салдарынан мегаполисте кептеліс күшейді. Ал әкімдік аталған көшелерде алғаш рет жаңа технологияларды қолдана отырып жөндеу жүргізілгенін хабарлады.
Жалпы жөндеу жұмыстары 200 км болатын 230 көшені қамтыды.
Қалада жол жөндеу жұмыстары басталғаннан кейін алматылықтар әлеуметтік желіде өз наразылықтарын білдіре бастады. Тіпті Ерболат Досаевтың қызметтен кетуін талап ететін петиция жарияланды. Әкім кейінірек бұл жағдайға түсініктеме берді. Ол қалада 2 миллионнан астам адам тұратынын және петицияға санаулы ғана адам, оның ішінде ЖСН-ы жоқ адамдар қол қойғанын атап өтті.
Бас жоспар, мектеп автобустары және жастар орталықтары
Ерболат Досаевтың тұсында Алматыда біршама жаңа шешімдер де қабылданды. Мысалы, 2023 жылы Ерболат Досаевтың басшылығымен жасалаған Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі Бас жоспары бекітілді.
Мегаполис болашағы үшін маңызды құжат қоғамда, әсіресе сарапшылары мен қоғам белсенділері арасында қызу талқыға түскен болатын.
Сондай-ақ 2023 жылы қыркүйек айынан бастап Алматыда алғаш рет оқушыларды оқу орындарына апаратын мектеп автобустары қатынай бастады.
Ал 2024 жылы Алматының 8 ауданында жастарға арналған комьюнити орталықтар ашылды. Ол үшін әкімдік 2023 жылы ғимарат не арнайы кеңсе сатып алып, оларды жөндеуден өткізген. Мұндай орталықтар көп аудиториядан тұрады, ыңғайлы коворкинг аймақтарымен және ыңғайлы әрі уақытты тиімді өткізу үшін қажетті жабдықтармен жабдықталған.
Сонымен қатар Ерболат Досаев заңсыз құрылыс мәселесіне де мән берді. 2022 жылдың басынан 2025 жылдың мамырына дейін мегаполисте рұқсатсыз салынған 88 нысан толығымен немесе жартылай бұзылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы қараша айында Алматыға жұмыс сапары кезінде қаладағы өзекті мәселелердің бірі - ауыз су мәселесін шешуді тапсырған болатын. Әкімнің халықпен кездесулері кезінде де алматылықтар тау бөктеріндегі ауыз су мәселесін жиі көтерді.
Сондықтан Алматы әкімі бұл бағытқа да көңіл бөлді. Наурызбай және Қарасай аудандарының 100 мың тұрғынын сумен қамтамасыз ететін «Ақсай» су жинағыштың құрылысы басталды. Ол 2025 жылдың қараша айында іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Ал 2024 жылы Медеу ауданында «Балқаш» таза су резервуары пайдалануға берілді.
Биыл наурыз айында Ерболат Досаев Президентке қаланы өркендету туралы баяндады. Қала әкіміне Президентке жүргізілген жұмыстар және қабылданған шаралар туралы екі аптада бір рет баяндап отыру тапсырылған еді.