Алматының емдеу мекемелері күшейтілген жұмыс режиміне көшеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM –1 қыркүйектен бастап қаладағы емханалардың барлық егу кабинеттері күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Бақжанар Мұхамадиева мәлім етті.
Спикердің сөзінше, күн суытқанда жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың пайда болу қаупі артады. Осыған байланысты Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тұрғындарды маусымдық эпидемиядан қорғау үшін кешенді шара қабылдады.
«1 қыркүйектен бастап емханалардың барлық егу кабинеттері мен сүзгілері демалыс және мереке күндерін қоса алғанда, күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылады. Қала бойынша фельдшерлік бригадалардың жұмысы үшін емханалар жанындағы жедел медициналық жәрдем бөлімшесі деңгейінде шұғыл 4 санаттағы шақыруларға қызмет көрсету үшін 102 жедел медициналық автокөлік бөлінді, бұл пациенттердің үйлеріне барып, жылдам қызмет көрсетуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Бұдан бөлек, ЖРВИ және тұмау жұқтырған науқастарды ауруханаға жатқызу үшін қала стационарларында 453 орын дайындалды және қосымша науқастар саны артқан жағдайда тағы 90 төсек орналастыру мүмкіндігі қарастырылған.
«Алматының медициналық мекемелерінде өкпені жасанды желдетуге арналған 892 аппарат (ӨЖЖ) бар, бұл тұмау мен ЖРВИ ауыр түрлерімен ауыратын науқастарға көмек көрсетуге керек. Сондай-ақ, қаланың жедел медициналық жәрдем қызметі халық арасында тұмау, ЖРВИ және КВИ-мен сырқаттанушылық көтерілген жағдайда, ЖРВИ белгілері бар және олардың асқынулары болған жүкті әйелдер және 1 жасқа дейінгі балаларды уақтылы ауруханаға жатқыза отырып, басым тәртіппен қызмет көрсетуге дайын», – деп атап өтті Бақжанар Мұхамадиева.
Қазір жедел медициналық жәрдем қызметінде 186 бригада бар. Қажет болған жағдайда олардың саны 200-ге дейін артады.
Осыған дейін Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, мегаполисте коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін айтқан болатын.