Алматының кадр резервіне 30 жас маман енді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда өңірлік кадрлық резервін қалыптастыру қорытындысы жарияланды. Резервке мегаполистің дамуына өз үлесін қосуға дайын, болашағынан үміт күттіретін жас мамандар іріктеліп алынды.
Байқауға 261 адам қатысты, оның 30-ы өңірлік кадр резервіне алынды. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрды.
«Мемлекет басшысы білімді жастар, сыни ойлай алатын ел патриоттары мемлекетті басқару ісіне белсенді қатысуы тиіс екенін бірнеше рет атап өтті. Бұл тұрғыда кадр резерві дәл осындай мақсатты жастарға өздерін танытуға бірегей мүмкіндік береді», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Шынарай Әлімхан брифингте.
Резервке алынғандардың арасында әртүрлі қызмет салаларының өкілдерібар. Атап айтар болсақ, мемлекеттік қызметшілер, оқытушылар, медицина қызметкерлері, жеке сектор мен банк саласының мамандары.
Іріктеу мынандай бағыттар бойынша жүзеге асырылды: «Индустрия және өнеркәсіп», «Экономика және қаржы», «Әлеуметтік сала», «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және инфрақұрылым», «Цифрландыру».
Алматы қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Бауыржан Қабдол кандидаттар су ресурстарының тапшылығы, шағын және орта бизнесті дамыту және қалалық инфрақұрылымды жаңғырту сияқты қаланың өзекті мәселелеріне қатысты инновациялық жобалар ұсынғанын айтты.
«Проблеманы терең зерделеу бөлігінде жоғары балл жинаған, сондай-ақ оларды шешудің нақты жолдарын ұсынған кандидаттар жобаларын жақын арада жүзеге асырады деп үміттеміз», — деді ол.
Екі жыл ішінде резервшілер конкурстан тыс негізде жергілікті мемлекеттік органдарда түрлі лауазымдарға үміткер бола алады.
Үміткерлер тізімімен Өңірлік кадр резервінің сайтында танысуға болады: onir.pkrezerv.gov.kz.
Осыған дейін, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, 1 наурыз күні өңірлік кадрлық резервке іріктеу басталғаны туралы жазған едік.