Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, сот шешімі негізінде Бегалин көшесі, 140 мекенжайындағы тұрғын үйге заңсыз салынған екі қабатты қосымша нысан бұзылады.
— Меншік иесі сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен техникалық жобаны рәсімдемей-ақ, тұрғын үйді қайта жаңартқан. Осылайша, үйге қосымша құрылыс салынып, үстінен қосымша үй-жайлар тұрғызылған, — деп хабарлады ведомство өкілдері.
Бұған дейін меншік иесіне әкімшілік шаралар қолданылып, анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген. Алайда нұсқама талаптары орындалмағандықтан, басқарма сотқа талап-арыз жолдаған.
Медеу аудандық сотының шешімімен қала құрылысын бақылау басқармасының тұрғын үйге салынған үстеме қабат пен екі қабатты қосалқы нысанды бұзу туралы талап-арызы қанағаттандырылды.
Сот шешімін орындау үшін үй иесі нысанды өз күшімен бұза бастады.
Еске салайық, бұған дейін Розыбакиев көшесі, 249/1 мекенжайындағы қосалқы салынған нысанды бұзу жұмыстары басталды.