Алматының коммуналдық қызметі күшейтілген режимге көшеді

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Қазгидромет» болжамына сәйкес, 23 қыркүйек күні таңғы сағат 5-тен бастап 24 қыркүйек таңға дейін Алматыда жаңбыр жауып, кей жерде оның мөлшері 20 миллиметрге дейін жетуі мүмкін. 

Батыстан соққан желдің жылдамдығы 3–8 м/с болып, екпіні 18 м/с-қа дейін жетеді. Күндіз ауа температурасы +17…+19 °С болады деп болжанып отыр. 24 қыркүйекке қараған түні жауын-шашын жалғасады, ал күндіз күн ашық болады.

Алматы әкімдігі су басуы мүмкін жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын дер кезінде жою үшін қала бойынша коммуналдық және жедел қызметтер тәулік бойы кезекшілік ететінін хабарлады.

— Бұл жұмыстарға «Алматы тазалық» мекемесі мен мердігер ұйымдардың 123 арнайы техникасы, 74 мотопомпа, 20 ассенизатор көлігі (оның 13-і су басу қаупі бар орындарға қойылған), сондай-ақ 75 жедел бригада тартылды. Олардың құрамында 425 жұмысшы бар, барлығы мотопомпамен және қажетті құралдармен жабдықталған, — деп хабарлады әкімдіктен.

Сондай-ақ Алматы қаласы Құтқару қызметі де күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді. Олардың қарауында 1 ассенизатор көлігі мен 15 мотопомпа бар. Одан бөлек Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан 53 арнайы техника мен 246 қызметкер толық дайындықта тұрады.

Еске салайық, өткен аптада қатты жауын-шашын кезінде Алматыда жол жабыны опырылып, 13 автокөлік зақымданды.