Алматының Медеу ауданында су мәселесі жыл соңына дейін шешіледі

Фото: Фото: ҚазАқпарат

Медеу ауданында Каменское үстірті, Көлсай, Мұзтау және Юбилейный шағынаудандарын тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін 2 жаңа ауызсу желісі, 4 ұңғыма және су жинағыштардың құрылысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Желтоқсан айының соңына дейін құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Жобаны жүзеге асыру Каменское үстірті, Көлсай, Мұзтау және Юбилейный шағын аудандарының 20 мыңнан астам тұрғынын үздіксіз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Ерболат Досаев Медеу ауданы тұрғындарымен кездесуінде.

Сондай-ақ сәуір айында жалпы ұзындығы 46 шақырым су құбыры және кәріз желілерінің құрылысы басталды. Көлсай, Кеңсай ықшамаудандары мен Халиуллина көшесі бойындағы жұмыстарды аяқтау қараша айына жоспарланған.

«Шілде айында Нұрмағамбетов, Р.Бағланова, Орманов көшелері мен Т.Бигелдинов көшесінің бір бөлігінде және «Компот» шағынауданында жұмысты бастадық. Жұмыс биыл аяқталады. Бірінші деңгейлі жол төсемін жасаймыз. Келесі жылдың көктемінде жолдарды толығымен қалпына келтіреміз», – қала әкімі.

Оның айтуынша, қалған көшелердегі жұмыстар 2024 жылдың шілде айында аяқталады.

«Думан» шағынауданындағы екі жоба мен «Сұлусай» шағын ауданында жалпы ұзындығы 17 км екі ұңғыма, су құбыры және кәріз желілерінің құрылысы мемлекеттік сараптамадан өтті, оң қорытындылар шығарылды. Думанда жұмыстар қазан айында басталады. Ал Сұлусайда ұңғымалардың құрылысы қарашада, конкурстық рәсімдер өткізілгеннен кейін басталады. Желілерді тарту жұмыстары 2024 жылға жоспарланған»,- деді ол.

Бұдан бөлек, «Алатау» ықшамаудандары мен Малая Станица ауданында (32 көшеде) желтоқсан айында су құбыры және кәріз желілерінің құрылысына сараптама жүргізілетін болады.

Еске салайық, шілде айында жауын-шашынның салдарынан Медеу ауданы сусыз қалған болатын. Бірнеше күн тұрғындарға ауыз су көлікпен жеткізілді.