Алматының метро бекеттерінде биыл 70-тен астам қауіпті заттар табылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматының метросының 11 бекетінде жыл басынан бері 70-тен астам пышақ, кастет және басқа да қауіпті заттар тәркіленген. Бұл туралы Алматы қаласының Полиция департаменті хабарлады.
Метрополитендегі полиция басқармасының бастығы Нұржан Таңатаровтың айтуынша, метрополитеннің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әр бекетте полиция пункттері орналасқан.
- Әр бекетте полиция пункттері орналасқан, онда қызметкерлер тәулік бойы қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Полиция пункттерінде кезекші наряд, сеніп тапсырылған аумақты аралап, бақылайды. Сондай-ақ күнделікті жасақ құрамына қызметтік-іздестіру иттері бар полиция кинологтары кіреді. Олар жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды анықтау үшін электр пойыздарын, метро станцияларының қызметтік ғимараттарын және қоймаларды тексереді, - деді Нұржан Таңатаров.
Сонымен қатар оның айтуынша, биыл Алматы метросында 70-тен астам пышақ, кастет және басқа да қарулар тәркіленіп, есірткіні сақтаудың 13 дерегінің жолы кесілген.
Еске салайық, бұған дейін Алматы метрополитені сауда нүктесін жалға алушыларды заңсыз салық төлеуге мәжбүрлегенін жазған едік.