Алматының метро бекеттерінде мерекелік концерт пен көрмелер өтеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — 20-25 наурыз аралығында қала тұрғындары мен қонақтары метро бекеттерінде театр әртістерінің өнерін және қазақ халқының мәдениетін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған фотокөрмелерді тамашалай алады. 

Фото: Алматы әкімдігі

«Мұхтар Әуезов атындағы театр» метро бекетінде 20 наурыз күні Ықылас Дүкенұлы атындағы музыкалық аспаптар мұражайы қорынан қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптарының фотосуреттері қойылды.

Фото: Алматы әкімдігі

«Байқоңыр» бекетінде қазақ халқының дәстүрлі ойындарына арналған фотосуреттер қойылады. 21 наурыз күні сағат 13:00–де «Сазген Сазы» ансамблі ұлттық аспаптардың үнімен музыкалық шоу көрсетпек.

Фото: Алматы әкімдігі

«Жібек жолы» бекетінде 23 наурыз күні сағат 12:00–де «Жаңа Ғасыр» театры «Алматы Махаббатым» спектаклін қойып, жолаушыларды махаббат тарихы арқылы қаланың ерекше атмосферасына жетелейді.

Фото: Алматы әкімдігі

«Алмалы» станциясында жолаушылар ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының зергерлік әшекейлерінің фотосуреттерімен танысып, ұлттық нақыштағы өнер туындыларын тамашалай алады. 24 наурыз күні сағат 15:00–де көрме «ASU» фольклорлық-этнографиялық ұжымы көрсететін этно-шоу арқылы толықтырылып, жолаушыларға мерекелік көңіл-күй сыйламақ.

Фото: Алматы әкімдігі

«Сарыарқа» бекетіндегі фотожоба 1980-ші жылдардың соңы мен 1990-шы жылдардың басында Наурыз мерекесі Алматыда қалай тойланғанын көрсетеді. 25 наурыз күні сағат 15:00–де «Алматы Махаббатым» спектаклі тағы да қойылады.

Фото: Алматы әкімдігі

Еске салайық, бұған дейін Алматыда Наурыз қалай тойланатынын жазғанбыз.

Сондай-ақ Алматыда Наурыз мерекесіне байланысты бірнеше көше уақытша жабылатынын жазған едік.