Алматының Наурызбай ауданында жаңа саябақ салынады

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жаңа қоғамдық кеңістік пайда болады.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, Наурызбай ауданында биыл «Рахат» шағын ауданында жаңа саябақ аймағын құру жұмыстары басталды. Саябақ құрылысын биыл аяқтау жоспарланып отыр.

Фото: Алматы әкімдігі

— Жобаның тарихы 2023 жылы басталды. Сол кезде Наурызбай ауданы әкімдігінің бастамасымен 1,5 гектар жер телімін алу рәсімі жүргізілген. Аталған жер Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының жанында орналасқан. Жоспар бойынша Қызыл кітапқа енген ағаштарды сақтай отырып, саябақ салу көзделген. Кейін жердің иесі ауысып, ол «BI Development» құрылыс компаниясына өтті. Компания қол қойылған меморандум аясында «BIOGRAPHY» деп аталатын ландшафтық саябақ жобасын жүзеге асыруға міндеттелді, — деп хабарлады әкімдіктен.

Жобада бар ағаштарды сақтау, ыңғайлы жүргіншілер жолдарын салу және табиғи элементтерді саябақ тұжырымдамасына үйлесімді енгізу ерекше назарға алынған.

Еске салайық, бұған дейін Бостандық ауданында жаңа саябақ бой көтеретінін жазғанбыз.

Сондай-ақ Алатау ауданында ең үлкен саябақтардың бірі салынады.