Алматының орталығындағы заңсыз нысан екі жылға созылған соттан соң бұзыла бастады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Назарбаев даңғылы, 220/3 мекенжайында орналасқан, бірнеше кеңсе мен қоғамдық тамақтану нысандары жұмыс істеген жапсарлас құрылысты бұзу жұмыстары басталды. Бұл туралы Қала құрылысын бақылау басқармасының өкілдері хабарлады.

Фото: Алматы әкімдігі

Бұған дейін жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында нысанға қатысты барлық қажетті құжат толық емес екені анықталған. Сонымен қатар құрылыстың бір бөлігі жалпыға ортақ пайдаланылатын жер телімінде салынғаны белгілі болды.

— Осыған байланысты меншік иесіне әкімшілік шаралар қолданылып, кейін іс сотқа жолданды. Сот процесі шамамен екі жылға созылды, — делінген хабарламада.

Істі қарау қорытындысы бойынша, 2025 жылы 17 қарашада Алматы сотының қаулысымен нысанды мәжбүрлі түрде бұзып тастау туралы шешім қабылданды.

Бұзу жұмыстары бүгін, 2026 жылғы 26 маусымда Әділет департаментінің сот орындаушыларының қатысуымен басталды.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда Достық даңғылы, 170/1 мекенжайында орналасқан заңсыз сауда нысандары бұзылғанын хабарлағанбыз.