Алматының Орталық стадионын жаңғырту жобасы кейінгі қалды ма

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының Бостандық ауданы әкімі Азамат Қалдыбеков Орталық стадионның болашағына қатысты пікір білдірді.

Фото: Алматы әкімдігі

Аудан әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта мегаполисте 45 мың көрерменге арналған жаңа заманауи стадион салынып жатыр. Дегенмен, 1958 жылы салынған 23 мың орындық Орталық стадион да назардан тыс қалмайды.

— Бұған дейін Орталық стадионды қайта жаңғырту және ондағы орын санын көбейту жобасы қаралған еді. Алайда жаңа стадионның құрылысына байланысты бұл жұмыстар әзірше тоқтатылды, — деді ол Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде.

Әкімнің сөзінше, Орталық стадион сияқты нысандарда ағымдағы жөндеу жұмыстары жыл сайын жүргізіліп тұрады. Ал ғимараттың қасбеті мен аумағы үнемі бақылауда, бірақ нысанда күрделі жөндеудің қашан жүргізілетіні белгісіз.

— Орталық стадионды кешенді түрде күрделі жөндеуден өткізу мәселесі күн тәртібінде бар, ол қазір қарастырылып жатыр. Мерзімі туралы нақты ештеңе айта алмаймын, бұл Спортық құрылыстар дирекциясының құзыретіне жатады, — деді Бостандық ауданының әкімі.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда жаңа стадионның болашақ бейнесі көрсетілді.