Алматының Райымбек даңғылында BRT желісі қашан іске қосылады

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімдігі Райымбек даңғылындағы BRT жобасы қандай сатыда екенін түсіндірді.

BRT желісінің құрылысы 2025 жылы сәуір айында басталды. Жоба жалпы ұзындығы 17 шақырым болатын үш учаскеге бөлінген. Олар: Пушкин көшесі – Сейфуллин даңғылы (1,8 км), Сейфуллин даңғылы – Ахрименко көшесі (7,2 км) және Ахрименко көшесі – Алтын Орда (7,5 км). 

Алматы қаласы жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, жоба қалалық инфрақұрылымның барлығын: жол бөлігін, тротуарларды, жасыл аймақтар мен қоғамдық кеңістіктерді қамтиды. Негізгі мақсат – қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттыру және жайлы қалалық орта қалыптастыру.

– Құрылыс-монтаж жұмыстары барлық үш учаскеде бірдей басталды. Бүгінгі таңда жобаның жалпы дайындығы шамамен 35%-ға жетті. Жұмыстар қажетті жер учаскелерін сатып алуға байланысты орындалып жатыр. Жобаны аяқтау 2026 жылдың соңына жоспарланған, - деп хабарлады басқармадан.

Жоба мердігерлері ретінде «Казахдорстрой» ЖШС және «Прогресс KZ» ЖШС бекітілген. Шарт бойынша жұмыстардың жалпы құны – 39,9 млрд теңге.

Еске салайық, 2025 жылдың сәуір айында Желтоқсан көшесінде де BRT желісінің құрылысы басталған болатын.

Жоба құрылысы уақтылы аяқталып, 2025 жылдың желтоқсан айында BRT желісі іске қосылды.