Алматының Рысқұлов даңғылындағы көпірді жөндеуге 1,2 млрд теңге жұмсалады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының Рысқұлов даңғылында орналасқан көпір жөндеуден өтеді.

Фото: Әділет Бірімқұлов/Kazinform

Мемлекеттік сатып алу сайтында Алматы қаласының Рысқұлов даңғылы мен Бөкейханов көшесі бойындағы көпір құрылысын күрделі жөндеуге байланысты байқау өтті. Жоба құны — 1 211 346 440 теңге. Тапсырыс беруші — қалалық жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы. Жұмыстарды орындау мерзімі 13 ай болып белгіленген.

— Эстакаданы күрделі жөндеу құрылыстың апаттық жағдайына байланысты туындаған, негіздемесі — «TestConstruction» компаниясы орындаған көлік айрығын зерттеу есебі. Күрделі жөндеу жұмыстары құрылыстың өлшемдерін оның қазіргі енінен асырмай өзгертуді, сондай-ақ жолөтпел тірек бағандарын күшейтуді қамтиды, — делінген лотта ұсынылған құжатта.

Хабарландыру 2026 жылдың 29 мамырында жарияланып, 6 маусым күні аяқталды. Байқау нәтижесі бойынша «СЕрВИС НС» ЖШС жеңімпаз болып анықталған. Бұл компания 2016 жылы тіркелген және Ақмола облысы, Аршалы кентінде орналасқан.

Еске салайық, бұған дейін мемлекеттік сатып алу сайтында «Қалқаман» метро бекетінен «Барлық» базарына дейін Алматы метрополитенінің үшінші кезегін салу жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге хабарландыру жарияланды. Жаңа метро бекеттері Алатау даңғылының бойында орналасады.

Сондай-ақ өткен айда Өскеменде сапасына халық жиі шағымданатын Ертіс көпірінде жөндеу жұмыстары басталады.