Алматының тау бөктерінде заңсыз салынған таунхаус бұзылып жатыр

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда сот шешімі бойынша Оспанов көшесі, 89/91 мекенжайда орналасқан нысан сүріледі.

Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, нысанның меншік иесі тиісті құжатсыз және еш рұқсатсыз нысанның тірек қабырғасын тұрғызған. Жоспардан тыс жүргізілген тексеріс аясында меншік иесіне қатысты әкімшілік шаралар қабылданған. Алайда берілген нұсқамалар орындалмағандықтан, басқарма нысанды бұзу жөнінде талап арыз берді.

2024 жылы 12 сәуірде Медеу аудандық соты талап арызды қанағаттандырды. 2024 жылы 1 шілдеде Алматы қалалық сотының қаулысымен бірінші сатыдағы шешім өзгеріссіз қалды.

- Бүгін Әділет департаменті сот орындаушыларының қатысуымен нысан сүріліп жатыр, - деп хабарлады Қала құрылысын бақылау басқармасынан.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда «Арыстан» базары сүрілгенін жазғанбыз.