Алматының таулы аймағында енді көпқабатты үй салуға болмайды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімдігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде қаладағы құрылысқа қандай шектеулер енгізілетінін түсіндірді.
Бірер күн бұрын Президент Алматы әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдап, қаланың жоғарғы бөлігінде көппәтерлі тұрғын үй салуға мораторий енгізуді тапсырды.
Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының мәліметінше, мораторий Талғар тасжолының, Шығыс айналма автожолының, Әл-Фараби даңғылының, Саин және Жандосов көшелерінің оңтүстігіне қарай орналасқан аумақтарға қолданылады.
Ведомство жауабына сәйкес, бұл аумақтағы қарқынды құрылыс бірқатар жүйелі мәселеге тіреліп отыр, атап айтқанда:
* білім беру және медицина мекемелерінің жетіспеушілігі;
* орталықтандырылған сумен жабдықтау және кәріз жүйесінің болмауы;
* инженерлік желілерге шамадан тыс жүк түсуі;
* көше-жол желісіне жүктеменің артуы;
* арық жүйесінің жетіспеушілігінен судың тасуы.
— Құрылысшылар заңнамада нақты реттелмеген, «таунхаус» деп аталатын көпқабатты тұрғын үйлерді салып жатыр. Мораторийге сәйкес, мұндай үйлерге жобалық-сметалық құжаттама берілмейді. Алайда бұл шектеу қазір салынып жатқан нысандарға қолданылмайды, — деді Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмас Жанбыршы.
Сондай-ақ ол таулы аймақта бұрын облыстан қала қарамағына берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмеген 1,5 мың учаске (2000 гектардан астам жер) бар екенін атап өтті. Алдағы уақытта Алматы қаласын 2040 жылға дейін дамыту жөніндегі Бас жоспарына өзгерістер енгізілетін болады. Басты мақсат — жасыл аймақтардың үлесін арттыру және таулы аймақтарды үйлесімді дамыту.
Еске салайық, бұған дейін жаңа заң көпқабатты үйлерді басқару ісіне қандай өзгеріс әкелетінін жазғанбыз.