Алматының таулы аймақтарында 4-5 шілде күндері сел қаупі жоғары

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар мен қала қонақтарына алдағы күндері тауға бармауға кеңес берді. «Қазгидромет» РМК-ның дауылды ескертуіне сәйкес, 4-5 шілде аралығында нөсер жауын-шашынға байланысты таулы аймақтарда сел жүру қаупі бар.

Фото: Үкімет

Ведомствоның хабарлауынша, 4 шілде күні қалада күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.

Ал Іле Алатауының таулы бөліктерінде, оның ішінде Медеу және Бостандық аудандарында жаңбыр, найзағай, кей жерде нөсер жаңбыр, бұршақ және екпінді жел болжанып отыр. Желдің жылдамдығы секундына 15-20 метр болса, күндіз кей жерде 23-28 метрге дейін күшеюі мүмкін.

Синоптиктердің болжамынша, 4-5 шілде аралығында нөсер жауын-шашын салдарынан таулы аймақтарда сел жүру қаупі сақталады.

Осыған байланысты төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар мен туристерге дауылды ескерту кезінде тауға шықпауға, автокөліктерді ағаштардың түбіне қоймауға, сондай-ақ әлсіз бекітілген құрылымдардың маңында тұрмауға кеңес берді. Сонымен қатар азаматтарға төтенше жағдайлар қызметінің ресми хабарламаларын тұрақты түрде бақылап отыру ұсынылды.

Айта кетейік, 1 шілде күні Үлкен Алматы өзенінде су деңгейі көтерілді. Сондай-ақ Ақсай өзені арнасынан шықты. Қала тұрғындары табиғи құбылыстың салдарын әлеуметтік желіде бөлісіп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Үлкен Алматы өзені арнасында гранит тастарға зақым келгенін хабарлағанбыз. Бұл жағдайға байланысты Алматы әкімдігі түсінік берді.

Алматыда жаңбырлы ауа райына байланысты төтенше жағдай қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді.