Алматының Торайғыров көшесінде жаяу серуендеуге арналған аймақ құрылады

Фото: Алматы қаласы ӨКҚ

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бостандық ауданында орналасқан Торайғыров көшесінде заманауи жаяу жүргіншілер аймағы құрылып жатыр. 

Бостандық ауданының әкімі Санжар Әлин бұл аумақ барлық жастағы тұрғынға қолайлы әрі қауіпсіз қоғамдық кеңістік болатынын атап өтті. Оның айтуынша, Торайғыров көшесін абаттандыру үшін 2024 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына тұрғындары тарапынан өтінім берілген. 

Фото: Алматы қаласы ӨКҚ

Бүгінгі күні аумақ толық тазартылып, ескі құрылымдар бұзылған. Инженерлік жұмыстар жүргізілген, ал жаңа жол жабыны төселіп жатыр. Одан бөлек жобада тактильді плиткалармен жабдықталған кең тротуарлар, демалыс аймақтары, балалардың ойын алаңы, жастарға арналған воркаут алаңы, автоматты суару жүйесі қарастырылған. Сонымен қатар 1 500-ден астам бұта мен 500-ге жуық ағаш егіледі және «қауіпсіз көше» тұжырымдамасы аясында жарықтандырып, камера орнатылады. 

– Жаяу жүргіншілер аймағы 4,2 гектардан астам аумақты қамтиды. Бұрын бұл аумақ қала тұрғындарына жайсыздау болатын: демалуға арналған орындықтары, балалар алаңы болған жоқ, тротуарлары тар әрі ыңғайсыз, көгал да жоқтың қасы еді, - деді аудан әкімі. 

Фото: Алматы қаласы ӨКҚ
Фото: Алматы қаласы ӨКҚ

Негізгі жұмыстарды 2025 жылдың қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. 

Еске салайық, Алматыда Қарасай көшесінің бір бөлігі жаңарған аллеяға айналатынын жазғанбыз.